Білім

Табиғаттың тамыршысы

Саналы ғұмырын ұстаздыққа арнап, көптеген шәкірт тәрбиелеген Бисен Жақанов есімі бүгінде біраз жұртшылыққа таныс. Таныс болатын себебі, ол қазіргі уақытқа дейін сонау шалғайдағы Қаражар ауылында тұрса да, біресе аудан орталығы — Қарауылкелдіге, енді бірде Ақтөбеге шапқылап келіп, табиғаттың тазалығы үшін жаны шырқырап, елдің мазасын алған күрделі мәселелерді көтеріп, оңды шешімін табу үшін тыным таппай жүреді.   

Бисен аға ең алдымен ұлағатты ұстаз. 1952 жылы Ақтөбе педагогика училищесін бітіріп, он тоғыз жасында мұғалім болды. Еңбек ете жүріп 1960 жылы Орал педагогика институтын қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша тәмамдайды.

Бір кездері өзі шәкірт болған Қаражар, Жарқамыс мектептерінде кейінгі буынға тәлім беруі оның өміріндегі елеулі бір сәттер еді. Одан кейін тәжірибе жинақтап, беделді ұстазға айналған тұста он үш жыл қатарынан Қаражар орталау мектебіне басшылық жасады. Бұл күнде Бисен ағаның шәкірттері еліміздің түкпір-түкпірінде тұрып жатыр деуге болады. Олар егемен еліміздің өсіп-өркендеуіне аянбай қызмет етуде. Шәкірттері арасынан ел басқарған әкімдер де, саясаткерлер де, өзге де сан-салалы мамандық иелері шықты. Солардың биік жетістіктерін көріп қуанады, марқаяды.

Үлгілі ұстаздың білім беру саласындағы еңбектері еленбей қалған жоқ. Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі атанды. Ыбырай Алтынсарин атындағы медальды кеудесіне тақты.

Ұстаздық ете жүріп, баспасөзбен байланысын үзген жоқ. «Ақтөбе» газетіне үнемі мақалалары жарияланып тұрды, басылымның жанашырына айналды. Осындай белсенді қызметінің нәтижесінде Қазақстан Журналистер одағының мүшесіне қабылданды. Бірнеше кітаптары жарық көрді. Соның ішінде «Қасірет пен сенім» атты жинағы ұзақ жылғы еңбегінің жемісі іспетті.

— Соңғы алпыс жылдай уақыт ауқымында Байғанин ауданының халқы, әсіресе, Жарқамыс, Кемерши, Жаңажол селолық округтері тұрғындары үш бірдей қиындықты бастан өткерді. Біріншісі, кеңес өкіметі тұсында Байғанин ауданында он бір рет жарылыс болды. Қазақстан бойынша ең соңғы атом жарылысы Жарқамыс елді мекенінде орын алды. 1959-1963 жылдары бұрынғы «Ақжар» кеңшарында мұғалім болып жұмыс істедім. Сол жылдары біраз адам рактан көз жұмды.

Екіншісі, 1992 жылы Үкіметтің қаулысымен арнайы апат аймағына енгізілген болатын. Алайда кейінірек жеңілдіктер алынып тасталды.

Үшіншісі, Байғанин ауданы — облысымыздағы мұнай мен газға бай өлке. Онда шетелдік компаниялар ондаған жылдан бері еңбек етуде. Табиғат қорғау мекемесі ауаны ластаған кәсіпорындарға айыппұл салудан артық шара қолданбайды. Айыппұлмен адам денсаулығын, табиғатты қорғай алмаймыз. Ірі компаниялар үшін миллион теңге болмашы ақша ғана. Сондықтан заңды күшейткен жөн, — дегені бар ел жайлы толғаныстарының бірінде ақсақалдың.

Бисен аға Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевты ядролық қарусыздану әлемінің көшбасшысы деп біледі. 1991 жылы 29 тамызда Елбасының Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы Жарлығын ол жүрегі жарыла қарсы алғандардың бірі.

Бисен Жақановтың жанайқайын, бәлкім, біреу түсінді, біреу түсінбеді. Бірақ ол алған бағытынан бір сәтке де тайған емес. Сонау 1991 жылы Атырау қаласында Қазақстандағы атом полигондары жөнінде конференция өткенде сол жиынға қатысып, сөз сөйледі. Ядролық жарылысқа қарсы күрестің туын көтеріп жүрген қайраткер Олжас Сүлейменовті де тұңғыш рет сонда көргенін айтады. «Оның ақындық ұстанымы мен ел үшін жанашырлық қимыл танытып жүргені соншалықты жарасым тауып, жүрегімді жылытты» деп әлі күнге сүйіспеншілікпен айтады.

Қалай болғанда да Бисен ағаның елдің амандығы үшін ұмтылыстары аяқсыз қалған жоқ.

2008 жылдың басында Ақтөбеде ядролық жарылысқа қарсы халықаралық «Невада-Семей» қозғалысының 20 жылдығына арналған ғылыми-практикалық конференция өткен кезде де белсенділік танытқандардың бірі осы кісі.

Қалдайбек қасіретін жүрегімен көтеріп жүрген азаматтардың бірі Жанұзақ Талдыбаев: «Менің туған жерім — Баршақұм. Ал Қалдайбек мен үшін үлкен ұғым. Қалдайбекке келген зардап — біздің елге келген сор. Бұрынғы құт мекен қазір қаңырап бос қалған. Жарылыстан кейін ол жерді ешкім келіп зерттеген жоқ, адамдарының денсаулығын осы күнге дейін қараған ешкім жоқ. Сондықтан Бисен ағамыздың «Қасірет пен сенім» кітабы ғана жаралы жылдардың жаңғырығындай сезіледі. Осы мәселені көтеру арқылы автор  әлеуметтің ойын қозғайды, жұртшылықтың жанына жұбаныш әкеледі» дейді.

Ал М.Оспанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік медицина университетінің бас радиологы Құрал Тұржанов: «Жарылыс болған жерде радиация мың жылдап қалады. Соңғы уақытта біздің өңірде онкологиялық аурулардың көбейгендігі байқалады. Бұл — экологияның әсері. Ал радиацияның зардабын шеккен халқының жанына жалау болып жүрген Бисен ағамыздың еңбегі ерекше деп білемін» — депті.

Осы азаматтардың қай-қайсысы да бүгінде Бисен ағаларымен жиі кездесіп, пікірлесіп тұрады. Ойлары ортақ — табиғат тазалығы, елдің амандығы, ана мен баланың денсаулығы үшін бірігіп күресу. Бұл ретте көп қасіретті кезеңдерді бастан өткерген, соның бәрінде күрестен мойымаған алдыңғы буындағы абзал ағаға сүйенеді, оның ақылына тоқтайды.

…Сексен бестің белесіне көтеріліп тұрған Бисен ағаның өмір жолдарына қиыншылықтар кездеспей қалған жоқ. Өмірлік серігі Зура апай мәңгілік ғұмыр кешкелі отыз жылға жуық уақыт өтіпті. Тоғыз перзентінің біреуінің жолы және ерте үзілді. Осының бәрі оған оңайға соқпағаны анық.

Бірақ жастайынан бойына біткен қайсарлық, қандай жағдай болса да сыртқа шығармай, іштей өзі көтеруге бейім дағдысы оны алға жетелей берді. Спортпен шұғылданды, салауатты өмір салтын ұстанды.

…Бисен аға бүгінде Қаражардың қадірлі ақсақалы ғана емес, жоқшысы да. Таңмен таласа оянатын ол ауылдың сыртына шығып, туған өңірдің тыныштығын тілейді. Ең алдымен, күн райын бағып, табиғаттың қабағына қарайды. Ұзақ жылдар бойы жарылыстың зардабын тартқан мекеннің келер күндері шуақты болса екен деп тілейді.

 Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button